Мәдениет

Түркістанда «Күй құдіреті» республикалық күйші байқауы басталды

Түркістанда «Күй құдіреті» республикалық күй орындаушылар байқауы басталды. Қатысушылар Қазақстанның барлық өңірлерінен келді.

5 шілде 2026 · 11:35·Оқу: 2 мин

Түркістанда «Күй құдіреті» республикалық күйші байқауы басталды
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·5 шілде 2026

Байқау күй өнерін насихаттау, дәстүрлі мектептерді сақтау және жас орындаушыларды қолдау мақсатында өткізіледі. Шара Ұлттық домбыра күні бағдарламасына кіреді.

Бірінші турда күйшілер Сүгір Әлиұлы мен Төлеген Мөмбековтің шығармаларын орындады. Қазылар алқасы екінші кезеңге үздіктерді іріктеді.

Қатысушыларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карима Сүндетқызы, Сүгір атындағы оркестрдің бас дирижері Шыңғыс Бөріұлы және Қазақ ұлттық өнер университетінің факультет деканы Батырлан Әлкеев бағалайды.

Екінші тур бүгін сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінің аумағында өтеді. Қатысушылар Сүгір Әлиұлының күйін және Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындайды. Сонымен қатар, халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мен күйші-композитор Ғаламат Бейсекожа өнер көрсетеді.

Түркістан облысында айтыс, термеші және күйші байқаулары өңір әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен үнемі өткізіледі.

Пікірлер