Нысан бағаны көтеру әдісімен саудаға қойылды. Бастапқы баға ҚҚС-сыз 47 344 075 556 теңгені құрады, ал кепілдік жарна 7,1 млрд теңгеден асты.
Kaisar Plaza тоғыз қабатты ғимараты 2017 жылы салынған. Үй-жайлардың жалпы ауданы — 63 920 шаршы метр. Бизнес-орталық Алматының Алмалы ауданында, Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында, 0,7209 гектар жер учаскесінде орналасқан.
Қазіргі уақытта нысан «ҚУВА» ЖШС еншілес компаниясының сенімгерлік басқаруында. Ғимаратта 53 жалға алушы жұмыс істейді.
Биылғы жылдың ақпан айында бизнес-орталық сатуға қойылған болатын. Ол кезде бастапқы баға 61,5 млрд теңгені құраған, бірақ сатып алушылар табылмағандықтан сауда өткізілмеді деп танылды.
2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының активтерін мемлекетке қайтару туралы жалпы сомасы 732,8 млрд теңге болатындығын хабарлады. Тізімге әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Kaisar Plaza, зергерлік бұйымдар, элиталық жылжымайтын мүлік, пәтерлер, автокөліктер, акциялар, компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары және ақша қаражаттары кірді.