Келіссөздер барысында мемлекет басшысы холдингтің Қазақстандағы екі кәсіпорны — Efes Kazakhstan және Coca-Cola Almaty Bottlers компанияларының көп жылғы табысты жұмысын атап өтті. Компаниялар жұмыс орындарын құрып, инвестициялар мен салық түсімдеріне үлес қосады.
Камиль Сулейман Языджи топтың ағымдағы нәтижелері мен жаңа жобалар жоспарлары туралы айтты. 30 жыл ішінде Anadolu Group Қазақстан экономикасына шамамен 1 млрд доллар инвестиция салып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта компанияның сусын шығару бойынша бес зауыты бар, ал Ақтөбе облысында 100 млн доллар инвестициямен алтыншы кәсіпорынның құрылысы басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экономиканы әртараптандыру және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту бағытын атап көрсетті. Тараптар Anadolu Group қызметін, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенде және басқа салаларда экспортқа бағытталған жобалар арқылы кеңейтуге қызығушылық білдірді.