Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, елде шағын заңды тұлғалар саны өсуде. Тау-кен өндіру саласында олар 2,9%-ға көбейді, құрылыс және ауыл шаруашылығында — 2,5%-ға, ақпарат және байланыс саласында — 2,4%-ға.
Шағын және орта бизнес шығарған өнім көлемі 104,7 трлн теңгені құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,8%-ға көп. Өсім әкімшілік жүктемені азайту шараларымен байланысты: заңнамадан 10 мыңнан астам артық талаптар алынып тасталды, ал бір жаңа талап енгізілгенде екі қолданыстағы талап күшін жояды.
Цифрландыру және есептілік
Бизнес есептілігінің 49%-ы оңтайландырылды. Мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу үшін eGov Business қосымшасы іске қосылды.
Қаржылық қолдау
Шамамен 9,5 мың жоба 1,6 трлн теңге сомасына жеңілдікті қаржыландыру алды. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша қарыздар жылдық 12,6%-бен 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. 1 маусымда 91 қарыз алушы 18,4 млрд теңгеге қолдау алды. Аймақтарда өңдеуші өнеркәсіп үшін 13,2%-бен «Іскер аймақ» бағдарламасы жұмыс істейді.
«Даму» қорының базасында екі кепілдік қоры құрылды. Кепілдік қоры-1 бойынша 1305 жоба 248,1 млрд теңгеге қолдау алды, кепілдік көлемі — 125,5 млрд теңге. Кепілдік қоры-2 бойынша сегіз жоба 456,3 млрд теңгеге мақұлданды, кепілдіктер 99,1 млрд теңгені құрады.
Мемлекеттік сатып алулар
Жаңа заң қабылданғаннан кейін сатып алу рәсімдерінің мерзімдері 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқарды, ал бір көзден сатып алу үлесі 23%-ға дейін төмендеді. 50% міндетті аванс енгізілді, келісімшартты қамтамасыз ету жойылды және өсімпұл 3%-ға дейін төмендетілді.
Алты айда мемлекеттік сатып алулар көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті. Отандық өндірушілермен 61 532 келісімшарт 85,2 млрд теңгеге жасалды.