Мемлекет басшысы Алатаудың Smart City қағидаттарын, интеллектуалды көлік және цифрлық төлем жүйелерін, сондай-ақ энергия үнемдеу нысандары мен заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды іске асырудың негізгі алаңына айналуы тиіс екенін мәлімдеді.
Тоқаевтың сөзінше, қаланы аймақтың жетекші цифрлық қаржы орталықтарының біріне айналдыру жоспарлануда. Ол үшін цифрлық активтер, токенизация технологиялары, блокчейн және криптоиндустрия бойынша құқықтық база қалыптастырылуда. Жобаның қатысушылары ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейтін және 90-нан астам елден алты мыңға жуық компанияға қызмет көрсететін ХҚКО экожүйесінде жұмыс істей алады.
Қытаймен бірлескен жобалар
Президент Қазақстан мен Қытайдың бірге Еуразияда жаңа технологиялық дәуірдің келбетін қалыптастыра алатынына сенім білдірді. Қазақстан инвесторларға заңнамалық қорғауды, заманауи инфрақұрылымды, білікті кадрларды және мемлекеттік қолдауды кепілдік етеді.
Мақсат — тек капитал тарту ғана емес, сонымен бірге жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеу, ғылыми-зерттеу орталықтарын құру, өндірістік тізбектерді қалыптастыру және білім экономикасы үшін адами капиталды дамыту.
Кездесуге ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі Ли Лэчэн, сондай-ақ CITIC Group, 01AI, Huawei Technologies, Agibot, Goldcard Smart Group, Ningbo Hoshine Group, YTO Express және Xinjiang Lihua компанияларының басшылары қатысты.
Тоқаевтың Шанхайға сапары ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен өтуде. Кездесуде президент Қазақстанның цифрлық басымдықтарын және Data Center Valley жобасын да таныстырды.