Жаңа құрамдағы қазақстандық бітімгерлер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты бойынша жұмысын бастады. Олардың міндеттеріне атысты тоқтату режимін сақтауды бақылау, жағдайды мониторингтеу, патрульдеу, БҰҰ объектілерін қорғау, жергілікті билік органдарымен және халықпен өзара әрекеттесу, сондай-ақ гуманитарлық іс-шараларға қатысу кіреді.
Барлық әскери қызметшілер халықаралық стандарттар бойынша көп деңгейлі дайындықтан өтті. Ол халықаралық гуманитарлық құқықты, күш қолдану ережелерін, азаматтық халықпен жұмыс істеу ерекшеліктерін, тілдік дайындықты және практикалық жаттығуларды қамтыды.
Бұл Ливанға жіберілген ұлттық контингенттің 11-құрамы. Бұған дейін қазақстандық бітімгерлер UNIFIL-дің үнді контингентінің құрамында қызмет етті және миссия басшылығы мен халықаралық серіктестер тарапынан кәсібилігі мен тәртібі үшін жоғары баға алды.
Қорғаныс министрлігінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысу Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік саласындағы беделін нығайтуға көмектеседі және әскери қызметшілерге көпұлтты контингенттерде қызмет ету тәжірибесін береді деп атап өтті.