Киіз үй жасау білімі мен дәстүрлі қазақ домбыра күйін орындау өнері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілді, — деп хабарлайды BNews.kz ақпарат агенттігі. Тиісті шешім Парижде өткен Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің тоғызыншы отырысында қабылданды.
Киіз үй — көшпелі халықтардың баспанасы, ол қазақ және қырғыз халықтарының төл бітімінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның негізінде — жіптермен бекітіліп, киізбен жабылатын дөңгелек ағаш қаңқа бар; киіз үй оңай жиналады әрі бөлшектеледі.
Қазақ күйі — ұзын мойынды, алмұрт тәрізді дәстүрлі қос ішекті шертпелі аспап домбырада орындалатын жеке аспаптық шығарма. Күй отбасылық немесе қауымдық шараларда орындалады әрі әдетте аңыз-әңгімелермен сүйемелденеді. Домбыра күйін орындау өнері қазақ халқының әлеуметтік ұйысуын нығайтуда маңызды рөл атқарады әрі оның бойында төл бітім мен бірлік сезімін қалыптастырады.
ЮНЕСКО 2015 жылы ұлттық ат үстіндегі ойын «Көкпарды» (немесе Қырғызстанда атайтындай «Көк-Бөріні») тізімге енгізу мүмкіндігін қарастырады.